Абай: «Пайда ойлама, ар ойла…»

АбайҰлы ақын, ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының ұлағатты ойлары, өнегелі сөздері қашанда жадымызда. Оның шығармаларында адам бойындағы ең ізгі қасиеттер – адамгершілік, ар-ұят туралы айтқан асыл сөздері жетерлік. Ақын өлеңдеріндегі мына бір жолдарға назар аударайықшы: «Пайда ойлама, ар ойла…». Бұл ойшыл бабамыздың 130 жыл бұрын, яғни 1886 жылы жазылған «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» өлеңіндегі өскелең ұрпаққа арналған сөздері. 

Ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы жайлы сөз қозғағанда ұлы ақын ар тақырыбына тоқталмай кете алмады, кейінгі өлеңдерінде де, қара сөздерінде де осы қастерлі «ар» деген сөзге үлкен мағына бергенін көреміз. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңінде:

Арын сатқан мал үшін  антұрғанның

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні…

 

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын.

Ал «Жас өспірім замандас қапа қылды» өлеңінде:

Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды.

Арын сатып, ант ұрып іздегені –

Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас…

 

Онда оны алдайды, мұнда мұны,

Жанын берсе, табылмас  сөздің шыны.

Алты жақсы, жүз жылқы  болған басы

Бір семіз ат болады оның құны.

Қарап отырсақ, хакім ақын ХІХ ғасырдың аяқ шенінде халқы­мыздың бойындағы жағым­сыз қасиеттерді көрсетіп, қатты сынға алып отыр. Қара басының қамын ойлайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мей­лінше қарсы болды. Ұлы ой­ш­ылдың айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап айт­қымыз келеді. Қазір де қоғамда алдау-арбау, ұрлық, тағы бас­қа келеңсіз жайттар орын алу­да. Бүгінде біздің еліміздегі ру­лас, туысқандық, біреудің ығын­да болу, өзгеге арқа сүйеп күн көру сияқты жиіркенішті әре­кет­терді де көріп жүрміз, бір сөз­бен айтқанда – сыбайластық жем­қорлық әрекеттері.

Қазіргі таңда жемқорлықпен күресу мемлекетіміздің өзекті мәселесі болып отыр. Мұның әлеуметтік те, саяси да мәні зор. Себебі, жең ұшынан жал­ғасу, бармақ басты сияқты келең­сіз әрекеттердің соңы сыбайлас­тыққа, тіпті, ұйым­дасқан жем­қорлыққа әкеп соғатыны қазіргі қоғамда аз кездесіп жатқан жоқ. Елімізде нақты шешімі табылмай тұрған өзекті мәселенің бірегейі – сыбайлас жемқорлық көбінесе мемлекеттік қызмет саласында жүргендер арасынан орын алып отырғаны да жасырын емес. Сондықтан, Ұлт жоспарында 2015-2025 жылдарға арналған сыбай­лас жемқорлыққа қарсы стра­тегияның мақсат-міндет­тері айқын көрсетілген. Бұл – алдымен жемқорлық құқық бұзу­шылықтың жүйелі түрде алдын алуды және жоюды көздейді. Бұл орайда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, адамдар­дың мемлекеттік органдардың өкілдеріне сенімділік дәрежесін біртіндеп қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Пара алу­шы ғана емес, пара беруші де Заңға қарсы әрекет жасап тұр­ғанын білуі тиіс.

2016 жылдың 1 қаңтарын­да қолданысқа енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды жүзеге асыру мақ­сатында еліміздегі барлық мекемелерде, әсіресе, мемлекеттік қызмет орындарында, күштік құрылымдарында құқықтық білім деңгейін арттыру жұмыстары жүйелі жүргізіле бастағаны БАҚ арқылы мәлім. Біздің ойымызша, дәл осы жұмыста, яғни қай салада болмасын, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу және жою мақсатында өткізілетін шараларды ұйымдастырушы­лар ұлы Абайды, оның өз зама­нын­да айтқан, мәнін күні бүгін­ге дейін жоймаған (әлі талай ға­сыр халқымызға рухани азық болар) «пайда ойламай, арды ойлау» қажеттілігін басшылыққа алса, еш артықшылығы бол­мас еді. Абай өзі өмір сүрген ХІХ ға­сыр­дың екінші жартысында былай деді емес пе:

Абұйыр қайда, ар қайда? («Сегіз аяқ» өлеңінен).

Немесе:

Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,

Ертеңі жоқ, бүгінге  болған құмар.

(«Ұяламын дегені көңіл үшін» өлеңінен).

Көрдіңіз бе, Абай өз заманын­да біздің қазіргі қоғамның да дертін айтып кеткен және өлең­дерінде парақорлықтан аулақ болудың, пайданы емес, арды ойлаудың жолын да айтып отыр ғой. Өскелең ұрпақты еңбексіз келетін жеміске емес, еңбектеніп, тер төгу арқылы келетін адал ең­бекке, елжандылыққа тәрбие­леп, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деді емес пе?

Ұлы ұстазының осындай ой­ларын Шәкәрім бабамыз да жал­ғастырып, өзінің өсиетті сөз­дерін «Мен жетпіс екі жасқа кел­генше…» атты еңбегінде жазып кетті: «Ал арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, мақтанды білмейді және істемейді», деп, одан әрі жаман әдеттерден құты­лу­дың жолын да көрсеткен. «Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдар­ды қойып, сол адамдардың бұйры­ғы, ақылы бойынша туған, туа­шақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығаруға керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет. Жоғарыда айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткі­­лік­­сіз болғандықтан, сол адал ең­бек, білім үйренумен қабат «ар білімі» деген білім оқы­тылуға керек. Бұл ғылымды ақыл­ды адам­дар ойластырып, пән ретін­­де жазып, нәпсіні жойып, адам бойын­да жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай…», деді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Міне, ұлы тұл­ға­­ларымыздың осындай өс­ие­т­­тері, ұлағатты сөздері, ең­бек­­тері қоғамға темірқазықтай тура жол көрсетіп отыр ғой. Тек соны зейіндеп, зерделеп, қол­да­на бі­ле­йік. Ар білімін алға шыға­райық.

Маржан Мұхамедова,

Абай қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Шығыс Қазақстан облысы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*