Алаш альбомы | Етжеңді

Алаш альбомы

1-сурет

Қостанайда татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың жиеншары София Забирова апай тұрады (1-сурет). Жол­да­сы марқұм Жұмабек Аңсағанов екеуі геология саласында жемісті ең­бек етті. Бүгінде әжей 82 жасқа толды. Сәл аурудың шаршатып тұрғаны бол­ма­са, кәрілікке мойымаған, әлі күн­ге әңгімесінен білімділікпен қатар, тек­ті­ліктің, зиялылықтың нышаны еседі. Апай­дың тегі Тоқайдан қалай та­­рай­­ды дер­сіз. Ғабдолла Тоқайдың әке­­­сі Мұ­ха­мет­­ғарифтің бірінші әйелі Ғаф­и­фадан Мұхамметшариф пен Ға­зи­за, екінші әйе­лі Мамдудадан Ғаб­долла туады.

2-сурет

Әке-шешелері ерте қайтыс болып, Ғабдолла мен апасы Ғазиза қаңғып қал­ған соң, екеуін Мұхаметғарифтің Қазақстандағы Орал қаласында ба­қуа­т­­­т­ы тұратын қарындасы Ғазиза қам­қор­лығына алады. Әкесі қызының ес­і­мін қарындасының құрметіне Ғазиза деп қоя­ды. Осылайша кіші Ғазиза Оралда бой­жетіп, Абдрахман Забиров деген жі­гітпен бас қосып, балалы-шағалы бо­лады. София апайдың әкесі Ғали мен біздің әңгімемізге өзек бол­ға­лы отыр­ған Уәли Забиров – Ға­зи­за­­ның ұл­дары. Татардың ұлы ақы­ны Ғабдолла Тоқайдың ағайынды, тетелес жиен­де­рі­нің екеуі де 30-шы жылдардың зо­ба­ла­ңында «халық жауы» болып ұс­талып ү­л­кені Уәли атылып кетеді де, Ғали он жыл лагерьде отырып, 1947 жы­лы арып-ашып Қостанайға келеді.

3-сурет

София апайдың қолында қазір Уәли абый­ынан қалған ескі альбомның бір­не­­ше беттері сақталған. Сарғайған ескі с­у­реттерден Ахмет Байтұрсынов, Мір­жа­қып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхтар Әуезов кө­зімізге оттай басылды. Сыртына: «Жан досым Уәлиге», «Құрметті Уәлиге» деп жазып берген, өзіміз шыра­мыта алмаған бейтаныс адамдардың су­рет­тері де бар. Олардың арасынан бір су­ретті Бейімбет Майлиннің жас кезі ме екен деген де ой келеді (2-сурет). Сыртына «1927 жылдың ақпан айында өткен педагогикалық білім берудің бү­кіл­қа­зақстандық І кеңесіне қатысушы қазақ зия­лылары» деп жазылған суретте қақ орта­да Қазақ АССР Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов отыр (3-сурет). Оның оң жағында Уәли Забиров, сол жағында Ахмет Байтұрсынов бар. Екін­ші қатарда сол жақтан екінші отыр­ған Міржақып Дулатовты танимыз. Су­рет Қызылордада түсірілген деп ой­­лаймыз. Осыған ұқсас бір топ адам бей­неленген суретте де (4-сурет) ортада Смағұл Сәдуақасов отыр (4-сурет). Оның оң жағынан тағы да маң­дайы жар­қыраған, ашаң жүзді Уәли Заби­ров­­ты көреміз. Ахмет Байтұрсынов Сма­ғұлдың сол жағында екі адамнан кейін отыр. Оң жақ қабырғада «Бар­л­ық елдердің пролетарлары, бірі­гің­дер!» деген төте және орыс тілінде жа­зылған жазудың шеті көрінсе де, сол уа­қыттың лебін білдіретіндей. Смағұл өзі­нің суретінің сыртына төте жазумен «Уәлиге. Смағұл Сәдуақасов. 3/ІІІ, 1927 жыл, Қызылорда» деп жазып, өзінің қолын қойып беріпті (5-сурет). Сұлтанбек Қожанов суретінің сыртына «Уәлиге! Сұлтанбектен. 1925 жыл» (6-сурет) деген жазу қалдырған.

4-сурет

Ескі альбомда бір қырындау отыр­ған, шашын тықырлап алдырған, көз­қа­ра­сынан зиялылық есіп тұрған кісі су­рет­тің сыртына «Дорогому товарищу Валию на добрую память (Сюрушнай) 2/ІІІ-22 г» деп, астына атын жазбай тек қол қояды. Төменірек біреу оны «Мұр­за­ғ­алиев Хафи, быв пред.СНК КАЗ.АССР» деп жазып қойыпты (7-сурет). Альбомда 1935 жылы қыркүйек айында Ленинградта түскен зиялылықтың шуа­ғы төгіліп тұрған Забировтер отба­сы­ның суреті де назарды ерекше аударады. Оның сыртында: «Анам – 59 жаста, Уә­ли – 36, Ғали – 34, Сәлім – 7 жаста» де­ген жазулар бар (8-сурет).

5-сурет

Орал қаласында 1922 жылдың 11 мау­сымында түскен алты адамның су­ре­тінің сыртына орыс тілінде: «г.Уральск 11 июнь 1922г. Пребывание Нар.Ком. Юстиции К.С.С.Р т. Бек­му­ха­медова. Сидят 1.Забиров, 2.Бек­му­­х­амедов, 3.Жулдубаев. стоят 1. Зуб­ков, 2.Альжанов, 3.Джантлеуов» деп көр­сеткен (9-сурет). Шафқат Бек­мұ­хам­­бетов Қазақ атқару комитетінің ше­ші­мі­мен 1921 жылы қазанда Заң халық ко­миссары болып тағайындалады. Оның тұсында Заң халық комиссариа­ты қылмыспен күресудің тәсілдерін анық­тайды, өлкелік халық соттарын, про­куратура мен адвокатураны құрады, сот реформасын жүргізеді, алғашқы заң­дарды қабылдайды. Бекмұхамбетов кей­і­нірек прокуратураны да басқарады. Ол РСФСР Қылмыстық кодексіне барым­ташыларды жазалау, қалыңдық ұр­лау, өлтірген адамға құн сұрау ту­ра­­лы баптар енгізуге мұрындық бо­л­ды. Оның Заң комиссары болып тұр­ған 1921-1922 жылдары адам жеуге тыйым салу туралы құқықтық өкім де қа­былданды. Ш.Бекмұхамбетов 1958 жы­лы Алматыда қайтыс болды. Аль­бом­д­ағы суреттер негізінен Қы­зыл­орда мен Орынборда түсірілген деп білеміз.

6-сурет

1935 жылы өзі ұсталып кеткенше қа­зақ зиялыларымен жақсы қарым-қа­ты­наста болған Уәли Забиров кім болып еді? Бұл жөнінде 90-шы жылдары бел­гілі қаламгер Сапабек Әсіпов те «Еге­мен­нің» оқырмандарына қысқаша баян­дап берген болатын. Өкінішке қарай, осы күнге дейін Уәли Забировтің өмірі де, еңбегі де жете зерттелмеген. «Уәли Аб­драхманұлы Забировтің өмір жолы қа­зақ мемлекеттілігін жаңа, кеңестік не­­гізде аяғынан қаз тұрғызуға үлес қос­­қан қайраткерлердің бірі болғанын дә­­лелдейтін біз баяндағаннан басқа құ­жат­­т­ар қолымызға түспегенімен, кейін та­­былары анық», деп жазады Сапабек аға­мыз.

7-сурет

София апай айтқандай, Қазандағы Ғаб­долла Тоқайды зерттеушілер де Уәл­и туралы оның туыстары айтқан ақ­параттармен шектелгенге ұқсайды. Дәл қазір Қазан зерттеушілерінің қолында не бар екені бізге де беймәлім. Уәли 1898 жылы Орал қаласында дүниеге келеді. Кішкентайынан еті тірі, оқуға құштар болады, ерте есейеді. Тіпті 16 жас­ында «ғашық болдым» деп, әкесінен рұқ­­сат сұрап, үйленіп алады. Жасын қо­с­­ты­рып жазып, партия жұмысына ерте ара­ласады.

8-сурет

София апай Уәлиді Орал губер­ния­­лық партия комитеті 1920 жылы Таш­кентке оқуға жібергенін айтады. Содан қайтып келген соң Орал қа­ла­сын­да партия қызметінде болады. Артынша Уәли Қостанайға келген сы­ңай­лы. Тіпті Мұхаметжан Сералин ре­дакторы, Бейімбет Майлин жауапты хат­шысы болған «Ауыл» (қазіргі об­лыс­тық «Қостанай таңы» газеті) га­зе­тін шығаруға атсалысқан. Оған редак­ция қызметкерлерінің 1924 жылдың 28 наурызында кітапша сияқты етіп, су­ретімен қатырма қағазға жапсырып берген құттықтауы дәлел болады (10-сурет). Төте жазумен жазылған құт­т­ықтау өлеңді София апайдың жолда­сы марқұм Жұмабек Аңсағанов ағай уа­қы­т­ында әдейі араб қаріпін үйреніп, ки­­риллицаға түсірген екен. Құттықтау бы­­лай жазылған:

«Еңбекшілдің алға салған ерісің,

Қолтығынан дем беретін желісің.

Адал еңбек бағаланып қызметің,

Күннен-күнге кеңеюде өрісің.

Сізбен бірге жұмыс етсек шаттанып,

Ортамызда жүргеніңе мақтанып.

Езілген ер жұмыскері атынан

Тарту тартып, еңбегіңді мақталық.

Жұмыскерлер дүниенің тірегі,

Кімге керек? Жүрек сезіп біледі.

Тарту тартып, жаңа орынмен құт­тық­тап,

Абыройыңды жолдастарың тіледі.

Баспахана жұмыскерлері: Мұратов Ғ,
Жәлел Ибраимов, С.Уәлиева. 28 март, 1924 жыл. Қостанай». Бірақ газет­те нақты кім болып қызмет істегені әз­і­р­­­ге бізге белгісіз. Құттықтауда өл­ең­­­дегі «Адал еңбек бағаланып қыз­ме­тің», «Тарту тартып, жаңа орынмен құт­­­тықтап» деген жолдардан оның бұ­рын­ғы жұмысынан жоғары лау­азым­ға өс­кенін байқауға болады.

9-сурет

София апай Уәлидің екінші рет үй­ленгені туралы оның әйелі Сараның аузынан естігенін былай әңгімелейді.

– Уәли абыйым Троицк қаласындағы Сара деген татар қызын ұнатып, со­ны­мен сөз байласады. Сараның ме­ди­циналық білімі бар, сауатты қыз бо­лады. Әкесі «әйелі бар адамға ба­ра­сың» деп қызына ризашылығын бер­мей­ді. Уәли Троицкіге барып, Сара­ны ат арбамен алып қашып, Таран ау­данындағы Бейімбеттің үйіне апа­рып, некесін қидырып, кеш өт­кізеді. Сара апамның аузынан естіп едім осыны. «Сонау Тро­ицкіден Таранға ат арбамен жеттік ғой. Бізді Бейімбет үй­лендірді» деп отыратын. Бі­рақ Троицкіге Бейімбеттің бар­ған-бармағанын, олардың қай жы­лы қосылғандарын ашып ай­та алмаймын, сту­дент кезімде Ленинградқа жыл сайын барсам да, сон­да тұрған Сара апамның әңгімесіне жас­тықпен мән бермегендіктен ғой, әң­гіменің бүге-шігесі есімде қалмапты, – дейді София апай.

10-сурет

Бейімбет демекші, ескі альбом жұр­нағында шеті кесілген жас ер адам­ның суретін біз Бейімбет деп жо­ба­лағанымызды айттық. (2-сурет). Жа­нын­да біреу болған секілді, қырқып тас­таған. Бейімбет деп таныған кісі та­ғы да топ боп түскен суретте шетте тұр (11-сурет). Сурет иесі оның сыртына төте жазумен «Сүйікті Уәли! Мына сүгірет біздің мәңгілік ескерткішіміз болсын. Мұстапаұлы. 3/ІІІ -25 ж.» деп жазып, қолын қойған. Бірақ Бейімбет ол кезде Қостанайда емес, Орынборда бол­ды ғой. Бәлкім, сурет Қостанайда тү­сі­ріл­меген де болар. Ал топтағы кісінің қай­сысы Мұстапаұлы екенін де біз тани ал­мадық. Суреттер сыртындағы төте жа­зу кириллицаға дұрыс аударылмауы да әбден мүмкін.

София апайдың қолында сақталған бір суреттің сыртына «Уральская парт. делегация.1923 г» деп жазылған (12-сурет). Осы суретте алдыңғы қа­тар­­дағы екін­­ші болып Уәли Забиров отыр. Ара­сы­на бір адам салып Мұхтар Әуез­ов­ті та­нимыз. Суреттің сыртында бұл адам­дар­дың арасында Мырзағалиев, Паев­с­кий, Никитин деген кісілердің бар­лы­ғы жазылған.

КСРО Ғылым академиясының ба­с­пасы­нан 1934 жылы шыққан «Календарь сп­равочник Академии наук СССР» деген үлкендігі шағын блок­­ноттай ғана кі­тап та София апай­дың үйіндегі қадірлі зат­тың бірі. Осы кітапша Уәли өмірі мен қыз­ме­­­тінің маңызды кезеңінен де­­­рек бер­­гендей. Ғылым академиясы құ­ра­­мында Қоғамдық ғылымдар бө­­лі­мі­нің мекемелер қауымдастығы бол­­­ға­нын байқаймыз. Кітаптың 28-бетінде «Ассоциация учреждении от­­деления об­­щественных наук» деп жазылған.
Оның басшылық құ­рамында Уәлидің бар­лығын дәлелдейтін «и.об.уч. секре­таря Забиров Вали Абдрах. т. 2-22-07(сл)» деген сөздерді оқуға бо­лады. Бұдан Уәлидің Қазақстан өл­келік партия ұйымының жолдамасы­мен Ленинградтағы аспирантураны бітіргеннен кейін, сонда ғылыми жұ­мыс­қа қалдырылғанын білуге болады. Уәли Забировтің бітіргені Ленинград уни­верситетінің аспирантурасы болуы мүм­кін. София апайдың Уәлидің әйелі мен қарындасынан естіген ақпаратына қарағанда, ол Шығыс халықтарын зерттеген. Ленинградта оқып жүргенде тех­ни­кумның жатақханасында Мұх­тар Әуезовпен көрші тұрады. Екі от­ба­сы жақсы араласады. Бұл кезде Уәли­дің қолында анасы Ғазиза, әйе­лі Сара, балалары және қарындасы Фа­иза болады. Уәлидің анасы Ғазиза Мұх­тар­дың Ленинград университетінде оқы­ғанын айтады екен. Ал Валентина Николаевнаның естелігінде олар Мұх­тар Әуезовпен университетке қатар түс­кен­мен, әр жылдары бітіреді, Мұхтар үзі­ліспен оқиды. Бұл 20-жылдардың екін­ші жартысы екені белгілі. Уәли де Ленинградқа сол кезде барса керек.

11-сурет

– Ғазиза әжем кейін Мұхтардың атақ­ты жазушы болған кезінде оның әйелі, өзі туралы баяғыдан білетіндерін айтып отыратын. Кейін Фаиза Эрмитажда антрополог болып істеген жылдары, бұл бәлкім 40-50-жылдары ма екен, қызмет бабымен Алматыда болғанда, Мұхтар Әуезовті үйіне іздеп барады. «Баяғы Ленинградта араласқанындай, Мұхтар ағаға еркелей кіремін ғой деп едім, мен ойлағандай кездесу болмады, сұлық қабылдады», деп риза болмай келіпті. Сонда анасы: «Ол қызметтегі адам ғой, көңіл хошы болмай отырған сәті болар, уақыт та өтіп кетті. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» деген қызым, енді бармай-ақ қой», деп­ті де қойыпты. Тырнақ астынан кір іздеген заман ғой, мүмкін Мұхтар содан сақтанған шығар. Ол кезде Фаиза қайдан түсінсін, – дейді естелік шерткен София апай.

Белгілі ғалым Темірғали Нұртазин естелігінде Мұхтар Әуезовті 1932 жылы күзде Уәли Забировтің үйінде кез­дестіргенін айтады. «Күзде Мұхтар Омарханұлы мен Қаныш Имантайұлы Сәтпаевты Васильев-Островский жақ­тағы (Ленинград «Петроградская сторона», «Выборгская сторона» деген се­кілді бірнеше ауданға бөлінеді) бір үйде ұшыраттым. Ұмытпасам Уәли Забировтің үйі. Ол кісі татардың атақ­­­ты классигі Ғабдолла Тоқайдың ту­ған жиені еді. Мұхтар Омарханұлы Ле­нинградта оқу бітіріп, Ташкентте ас­п­ирантурада болғанда екі семья тех­ни­кумның жатақ үйінде көрші тұрғаны бар», деп жазады Темірғали Нұртазин.

– Уәли Орал қаласында жас кезінен пат­­шаға қарсы шыққан ереуілдерге қатысқан, Кеңес өкіметіне құдайдай сен­ген. «Алдымызда тамаша заман болады, ешкім кедей болмайды», дейді екен. Қазір сол жылдардың тарихына құ­лақ салсаң, дәл ертеңі не боларын біл­ген адам аз. Кеңес өкіметіне алаш арыс­тарының өзі де бір кезде сенді, бі­рақ өздері сол жүйенің құрбанына ай­налды. Уәли де солай болды, – дейді София апай.

12-сурет

Уәли Забиров Ленинградта ұста­ла­ды, туыстары оған тағылған айыптың қан­­дай екенін әлі күнге білмейді. Өйт­ке­ні, сұрапыл жылдарды былай қо­ған­да, одан кейін де туыстарының бауырын іздеуге шамасы келмеген. Уәлиді ұстағанда Қырғызстанға жер ау­дарылған отбасы 50-жылдары ол ақ­талғаннан кейін, Ленинградқа қайта ал­дырылып, оларға үш бөлмелі үй беріледі. Сара Забирова білімді дә­рі­гер болады. Бірақ екі ұлы Сәлім мен Рүстемге зияны тиеді деген болар, Уәлиге тағылған жаланы да, жа­за­ны да ары қарай қазбаламайды. 1958 жылы Уәлидің жүрген жері деп әрі қайын жұртын көру үшін Қостанайға қы­дырып келіп кетеді.

– 60-жылдары болуы керек, Троицк қаласынан бір татар кісі келді. Уәлидің туыстарын – бізді іздеп келіпті. «Уәли біздің Лениніміз еді» деген сөзі есімде қалыпты. Әй, жастық-ай, сол кісінің атын да жазып алмаппын. Тағы да сол жыл­дары менің інім Рәшит жұмысымен Семиозерге, қазіргі Әулиекөл ауда­ны­на ба­рады. Сонда аудандық «Сель­хоз­тех­ни­ка» мекемесіне кіргенде ақ шашты, зиялы қазақ кісі отырады. Менің інім кел­ген шаруасын айтқан соң, тізім толты­ру үшін төлқұжатын береді. Ондағы Забиров деген фамилиясынан Уәли­дің туысы екенін біліп, орнынан тұ­рып, құшақтап, заттарын түгел тауып, машинасына артып жібереді. Інімнің де жас кезі ғой, әлгі адамның аты-жө­ні­не мән бермепті. Өйткені, ол кезде арыс­тары­мыз ешкімге керек болмады, – дейді София апай өкініп.

Енді Уәлидің інісі Ғали туралы бі­рер сөз. Ол лагерьден келген соң, Қостанай облысының Амангелді ауданын­да «Каз­союзпушинина» мекемесі ау­дан­дық бөлімшесінің дайындау пункті­нің меңгерушісі болып істепті. Ол кісі елі­міз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ақталады.

– Әкемнің құжаттарын көргенімізде тұ­сы бос тұр, тағылған ешқандай айып жоқ, – дейді София апай. – Бізді, Заб­и­р­овтер әулетін кеңес дәуірі кезінде тұ­қыртып ұстады, ұлдарына қызмет те бермеді, – дейді тағы да әңгіме иесі. Ға­лидың адамгершілігін айналасы айта алмай отырады екен. Ол Амангелді ауданында тұрғанда баласы жоқ, шалы қайтқан Асыл деген қарияны үйіне кіргізіп алады. Қашан өзі Амангелдіден жұмыс бабымен көшіп кеткенше, оны ана­сындай ұстапты.

– Мен Асыл әжемнің қызы болып өс­т­ім, ол кісі келгенде мен 8-9 айлық екен­мін. Анам жас, 24 жаста болыпты. Әжем барлық әйелдік, аналық махабба­тын маған төгіпті. Біз Қостанайға кет­ке­нсін, мен тұрмыс құрғаннан кейін Асыл әжем қайтты деген хабар келді. Ол кезде жол жоқ, су тасып жатқан сәуір айында бара алмадық, сосын әкем біржолата көктасын жасатып алып, жазда барып, басын қарайтып кел­дік. Мен әжемнің інілерімен әлі күн­ге дейін төркіндеп қатысамын. Әжем­нің қайтқанына 40 жыл толғанда Аман­гел­ді­ге жиналдық, мен зиратқа кірген бетте әжемнің бейітін бірден тауып алдым, қа­зір дұғама Ғазиза, Асыл әжелерімді бір­дей қосып отырамын, – деп София апай көзін сүртті.

Бір ғасырға жуық уақыттан жеткен ескі альбом шерткен сыр осындай.

P.S. Халқымыздың өткен ғасырдың ба­сындағы қазақ зиялыларының тари­хы, алаш арыстарының тәуелсіздік жо­лындағы күресі әлі де зерттелу үстіңде. Біз мақалаға суреттердің бір парасын ғана пайдаландық. Ескі альбомдағы суреттер мұрағаттанушылар мен оқыр­ман­дарды қызықтырар деген ойдамыз. Ескі суреттегілердің кім екені анықталып жатса, бұл да қазақ руханиятына қосылған үлес болар еді.

Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*