Әбілқайырдың аты сұранып-ақ тұр | Етжеңді

Әбілқайырдың аты сұранып-ақ тұр

Әбілқайыр хан туралы кеу-кеулеп, алуан түрлі жағымсыз әңгімені қоздатқанмен, Қажы сұлтан ұр­па­ғының қазақ тарихындағы ор­ны бө­лек. Орыс патшасының бо­дан­ды­­ғына бас ұрды деу – орынсыз жа­з­ғыру. Сол заманда орыспен одақ­таспаса, қазақтың болашақ тағ­дыры қалай болатынын бір құ­дай біледі. Әбілқайырдан бұрын оры­с патшасымен одақтас болуға Тәуке хан да ұмтылған жоқ па?

Тарих ғылымдарының кандидаты Ға­ни Меңілбаев: «Тәуке хан Ресейдің қол астына кіру дегенді одақтасу деп түс­ін­ген. Мәскеу мұрағаттарында (122-қор, 7-тізім, 4-іс) Тәуке ханның осы жө­нін­де жазған хаттары жатыр. Онда «Біз­ді қол астыңызға алыңыз. Қиын-қыс­тау заманда бір-бірімізге көмек жасап, қа­л­мақтармен бірлесіп соғысайық. Әскер­ле­р­імді қай жерге әкел дейсіз, сол жерге апа­­р­амын» деп жазыпты» деген деректі кел­­тіреді. Осылайша орыспен одақтасу ту­­ралы мәселе Әбілқайырдан бұрын да кө­терілген. Ендеше, «Әбілқайыр бол­ма­ған­да қағанағымыз қарқ, cағанағымыз сарқ болады деу – тым ұшқары пікір». Қал­мақ пен жоңғар қазаққа қоқаңдап, ауыл­дарға ойран салатын кез емес пе еді ол?!.

Академик Манаш Қозыбаевтың «Ұлт­ты сақтап қалу үшін қолайлы жағ­дай­ды қалыптастыру мақсатында қаз­ақ­тардың империя билігін мойындауға мәж­бүрлігін қалыптастырған тарихи жағ­дай деп түсіну керек» дегенінен ар­тық не айтуға болады Әбілқайыр хан­ның орыс бодандығын қабылдауына байланыс­ты…

Басқасын айтпағанда, Әбілқайырдың Бұланты шайқасында қазақ әскерінің қол­басшысы болып сайлануы кез­дей­соқ­тық па?! Сөзіміз жалаң болма­сын деп, кәсіби тарихшылардың тө­ре­лі­гіне арнайы жүгініп отырмыз. Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғы­­лым­дарының докторы, профессор Хан­гелді Әбжанов Әбілқайыр ханның қа­зақ тарихындағы орны хақында тө­мендегіше ойын білдірген-ді: «Кәсіби тарих­шы ретінде Әбілқайырды әйгілі ұлт қай­раткері деп пайымдаймын. «Ақтабан шұ­бырындыдан» кейін Ордабасында бас қолбасшы болып сайлануы және Бұ­ланты шайқасында жеңіске жеткен қаз­ақ әскерін басқаруы оның есімін ұлт та­рихында мәңгіге қалдыратын оқиғалар тіз­бесіне кіреді. Жоңғарға қарсы соғыста Әбілқайырдың ерен еңбегі бар екенін даланың ауызша тарихнамасының да, ресми орыс құжаттарының да дәйектеуі әсте бекер емес».

«Бекер емес» екендігіне ұлы дала тө­с­індегі жер атаулары куә деп айтуға бо­лады. Арқадағы «Қалмаққырылған», со­ның үстімен ағатын «Әбілқайыр өзе­ні», Шу мен Талас өзендерінің ара­сын­да­ғы «Әбілқайыр даласы», Қаратау қой­­науындағы «Әбілқайыр бұлағы», ал Бал­қаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңы­рақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге жа­қын – Хантау, одан Шуға қарай созылып жат­қан «Әбілқайыр жалы» – қаһарман қол­басшының халық жадында сақтаған ер­ліктерін әйгілеп тұр емес пе!

Ал бүгінгі күннің тұрғысынан қа­рай­­тын болсақ, қазақ тарихындағы өзін­­дік орны бар Әбілқайыр ханды ұлық­тау өз деңгейінде деп айту қиын. Ақ­­төбе қаласындағы ескерткішті айт­па­ған­да, асқақ ескерткішін орнату ­ту­р­алы әң­гіменің жөні тіпті бөлек. Ал Ас­та­на төріндегі көшелердің біріне Әбіл­қай­ырдың есімін беру бабалар ерлігіне қой­ылған бір белгі болар еді. Ал ханның атын­да Алматыда көше бар екен, бірақ ол Әуезов ауданының қай қиы­р­ында жат­қанын бір құдай біледі?!

Елдік дегеннің өзі өткен тарихқа де­­ген, тарихи тұлғаларға деген сарабдал бағаммен өлшенеді емес пе! Олай бол­са, Әбілқайырдың жоғарыда айт­қа­­нымыздай, қазақтың игі жақ­сы­лары мен батырлары бас қосқан ал­қалы жиын­да бас қолбасшы болып сай­ланғаны тарихқа таңбаланған ақи­қат. Басқасы басқа, Әбілқайырдың қол­бас­шы ретінде қазақ сарбаздарын ша­буыл­ға бастап, жоңғарларды жеңуге дем бер­геніне, рухын көтергеніне ешкім кү­мән кел­тірмесі хақ. Бұл өз кезегінде өс­ке­лең ұр­пақты ерлік рухында баулуға тұ­рар­лық тұлғаның тағылымы. Ендеше, Ал­ма­тыдағы Құрлық әскерлерінің әскери инс­титутына Әбілқайыр ханның аты сұ­ранып тұрған жоқ па!

…Біз деуін дедік. Қоғамдық пікір не дейді, көпшілік қауым не дейді? Келесі гәп сонда.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
запастағы полковник

АСТАНА

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*