Жанболат Аупбаев. Каспий теңізіндегі аң | Етжеңді

Жанболат Аупбаев. Каспий теңізіндегі аң

Бұл мақұлық кім-кімге де кино мен суретті кітапшалар және жан-жануарлар әлемі туралы фотоальбомдардан жақсы таныс болса керек. Біз оны алғаш рет 1976 жылы қара күзде Жайық өзенінің Каспийге құяр сағасынан көргеніміз бар. Теңіз тамағындағы Винтер деп аталатын жайылма су айдынында әлдебір тіршілік иелері бастары қылт-қылт етіп жүзіп жүрді. Жанымыздағы облыстық радионың тілшісі Кәрім Бахреддиновтің: «Каспий тюлені міне, осы болады», – дегені әлі есімізде. «Арал мен Алакөлде жоқ, тек мұхит жағалауындағы теңіз бен мүйістерде ғана бар бұлар мұнда қайдан жүр?» – деп ойлағанбыз сол кезде оларға қарап тұрып. «Жәндік, яки жануар немесе аң ба?» – деген ой да қылаң берген санамызда. Кейін 1982 жылғы қараша мен 1988 жылғы желтоқсанда Гурьевке қайыра барған іссапарларымызда осы итбалықтар тобын көру үшін теңіздің Пешное аралына арнайы соққан кезіміз де бар. 1992 жылғы қыркүйекте олардың жағдайын теңіздің Маңғыстау өңірі жағындағы жиектен де бақылағанбыз. Атырауға 2012 және 2014 жылы барғанымызда да сол кездегі меншікті тілшіміз Жолдасбек Шөпеғұлмен бірге Каспийдегі осы тіршілік иесін тағы да көруді, оның кейінгі кездегі қиын да түсініксіз жағдайына жауап іздеуді ұмытқанымыз жоқ. Сонымен…

Каспий итбалығы өзінің те­гін қазіргі уақытта Солтүстік мұз­ды мұхит жағалауына түгел дер­л­ік тарап кеткен тюленьдер тұқ­ымынан алады. Олар осыдан миллиондаған жылдар бұрын, әлі Каспий теңізі пайда болмай тұрған кездері, Солтүстік мұзды мұхит пен Паратетис теңізінің аралығын мекен еткен екен. Ал бұдан бес миллион жыл шамасында қазіргі Қара теңіз, Каспий және Арал теңіздері аумағын алып жатқан Паратетис мұхиттан іргесін біртіндеп бөліп ала бас­тай­ды. Кейінірек ол әлемге әйгілі мұ­хитпен аралықтағы су арнасын үз­ген соң, ондағы итбалықтар да ұлы айдыннан біржола алшақтап қа­лады. Бұдан кейін арада тағы  миллион жыл өткен кез­­де Каспий жоғарыда аталған құ­­рылымнан да бөлініп шығып, пла­нетадағы ең ірі тұйық су бас­сей­ніне айналды.

Қазіргі кездегі Каспий те­ңі­зін мекен ететін итбалықтың зоо­логиялық тұрғыдағы жіктелуі бы­лай. Олар жыртқыштар те­гі­не, сүтқоректілер санаты мен ес­кек аяқтылар түріне және аң­дар тобына жатады. Бұған қо­са, ол әлемдегі құлағы жоқ ит­балықтар қатарына кіреді. Дене­сі­нің ұзын­дығы 120-150 сантиме­тр болса, салмағы 40-60 килограмм тар­та­ды. Оның қорегін су ас­тын­да­ғы үйір-үйір болып жү­ре­тін ұсақ балықтар, негізінен килька құрайды. Бұларды тюлень 80 метрге дейінгі тереңдікке сүңгіп
аулайды. Өмір сүру мерзімі 50 жыл­ға дейін баратын ол әрбір 2-3 жыл­да бір күшік туады.

Сөз етіп отырған тіршілік ие­сін ғалымдар мен жергілікті тұрғ­ындар нерпа деп те атайды. Осылай делініп жүрген итбалық Каспий теңізінің барлық мүйісіне кеңінен тараған. Бірақ мұнда жыл мезгілдеріне қарай жаппай болып жататын маусымдық орын алмастыру кезеңдеріне байланысты олардың су айдынының белгілі бір аумақтарына көбірек жиналатын кездері болады. Мысалы, жазда тюленьдердің не­гізгі бөлігі теңіздің суы терең оң­түстік жағына қарай ауады. Та­мыздың аяғында солтүстік пен шығыс бөлікке қарай шеру тартады. Ал жаппай үдере көшу қараша-желтоқсан айларында жүзеге асады. Тап осы уақытта Каспийдің теріскей қапталын жайлап алған тюленьдер теңіз аралдарының құмды шағылдары мен шығанақтарын басып қа­ла­ды. Олар мұнда мұз қатқанға дейін тіршілік етеді. Қаңтар айын­да өзді-өзі үлкен топ құраған ұр­ғашы итбалықтар солтүстік-шы­ғыс айдында жүзіп жүрген мұз сең­деріне бет алады. Сол жерде қаң­тардың аяғынан ақпанның ортасына дейінгі аралықта күшік­тей­ді. Үстерін жұмсақ, аппақ түк жапқан шақалақтар жалаңаш мұз­дың үстінде жатады. Сол кезде бұл күшіктердің әрбірінің ұзындығы шамамен 60-65 санти­метр­дей, ал салмағы 3,5-4 килограмм төңірегінде болады. 3-4 аптаға дейін енесінің сүтімен қоректенген олар осыдан соң өз бетімен өмір сүруге әрекеттенеді де наурыздан бастап түлей бас­тай­д­ы. Ал сәуір, мамыр айла­рын­да теңіз бетінен мұздар толық кет­кен кезде, итбалықтар үйір-үйір болып топ құрайды. Сөйтеді де, тағы да оңтүстікке шеру тартады.

***

Итбалықтың Каспийдегі осы бір ерекше түрі қазір құрып кетудің қаупінде тұр. Соңғы 100 жылда оның саны 90 пайызға дейін қысқарған. Егер ХХ ғасырдың басында өзіміз сөз етіп отырған теңіздегі тюленьдер 1 миллионнан артық болса, тиісті ведомстволық мекемелердің аэротүсірілім арқылы анықтаған 1989 жылғы деректері олардың 400 мың мөлшерінде екенін, 2005 жылы 111 мыңға түскенін, ал 2012 жылы 100 мыңнан да аса ал­май қалғанын көрсетіп беріп отыр.

«Бұл неліктен?» – деген сұрақ туады осы арада. Оның күрт азайып кетуінің себептері көп. Бұған кезінде оларды аямай, бейберекет аулаудың кері әсері болды. Содан соң теңіздің ластануы. Браконьерлер құрған аулардан ке­л­ген залал да аз емес. Ақыр со­ңында теңіздегі тюленьдерге қа­жет азық-түліктік базаның ө­з­геруі жағдайды кәдімгідей қиын­датып жіберді.

Енді әңгімені осылардың ал­­-
ғ­ашқысы – итбалықтарды аула­ға­н кәсіпшіліктердің залалы мен зар­дабынан бастайық. Ондай арте­ль­­-
дік шаруашылықтар Каспий су айдыны аумағында түу сонау 1867 жылдан бастап жұмыс іс­теген. «Не үшін?» – дейсіздер ғой. Терісі киімге, майы сабын өндіруге қажет шикізат сол кез­ден күні кешеге дейін өте өтім­ді тауар болған. Әзербайжан Ғылым академиясының бөлім мең­герушісі Саид Гусеинов тю­лень аулау ХІХ ғасырдың со­ңын­дағы әр жыл сайын 30-40 мың бас көлемінде болса, ХХ ға­сыр­дың алғашқы ширегінде бұл цифр­дың 110 мыңға дейін жет­ке­нін, содан кейінгі кезеңде 50-40 мыңға түсіп, бертінде 20-15 мың деңгейімен шектелгенін айтады.

Ал бізде ше? Бұл сұраққа жау­ап­ты жазушы Сәбит Мұ­қа­нов­­тың 1954 жылы жарық көр­ген «Саяхаттар» кітабынан таба­мыз. Әңгіменің әлқиссасы, 1947 жылы Сәбең өзін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің де­пу­тат­тығына ұсынған сайлаушылар­мен кездесу үшін Гурьев облы­сы­на барады. Сонда Форт-Шев­ченко қаласындағы балық тре­сі­нің директоры Кривохижин де­ген адаммен кездеседі. Ол өте әңгімешіл, сұраған нәрсенің бә­ріне кідірмей жауап беретін ал­ғыр басшы екен. Сөзден сөз туып отырып тақырып трестегі әр жылдары ауланған балық көлеміне келіп тіреледі. Оған жауап берген директор теңіздің бұл мүйі­сінде сазан, қортпа, шабақ қа­на емес, тюлень кәсіпшілігі де бар екенін айтып, нақты мә­лі­­­меттер келтіреді. Сондағы ци­фр­­­­­­-
ларға қарағанда, 1934 жылы мұн­­­дағы шаруашылықтар 118 мың итбалық аулаған. Содан кей­ін­гі әр жылда жоспар орындау 50 мыңнан төмен түспей келіп, 1946 жылы кездейсоқ көтеріледі. Кол­хоз­шылар орталыққа 85 мың итбалық жөнелткен. Кривохижин осы­ны айтады да: «Бұл – мол табыс көзі. Солай бола тұра оны өл­ті­руге қимайтын да бір жағдай бар», – дейді жазушыға. «Неге?» «Соғып алуға келетіні көбінесе ұр­ғашы итбалықтар. Мұз үстін­де­гі күшігін айналсоқтап жүріп қа­пы қалады. Қашатын аяғы жоқ. Суға дейін кеудесімен ғана жыл­­жып қимылдайды ғой?» «Ба­лық­­шылар бұл аңды немен соғып алады?» «Жарты құлаш сабы бар ағаш шоқпармен. Адамдар оны оған кезене бастағанда, аяқ-қо­лы жоқ бейшара еңіреп жылайды». «Аянышты екен!..» «Біздің ая­ған­ы­-
мызға балықшылар қара­м­ай­ды. Тюленьнің бас сүйегі қа­ғаз­дай жұқа болады. Нұқып қалсаң… Қылжия кетеді».

Осылай деген Кривохижин жазушыны «Жыңғылды» колхозы орналасқан теңіз жағалауына апарады. Сөйтеді де, ат шанамен мұз үстіне жеткізеді. Сәбең міне, осы жерде тюленьнің қандай қатыгездікпен ауланатынын өз көзімен көреді. Қорқынышты әрі аянышты ол оқи­ғаны қаламгер өне бойы ті­тір­кене отырып былай баян­дай­ды. «…Жүгірген кісілерді бай­қап қал­ған итбалық зарланып қоя берді. Қа­сына келсек, көзі үп-үлкен, қап-қара, мөп-мөлдір екен. Көз жа­­сының тамшылары да ірі. Дау­ы­-
сы жаңа туған баланың жы­ла­ға­ны сияқты. Моншақ-моншақ көз жа­сын төгіп жылап тұр… Мен те­ріс қарап кеттім… «Бітті!» – де­­­ген дауыс сап етті құлағыма. Жа­лт қарасам, жаңағы тюленьнің мұр­­­нынан қан дірдектей ағып, өліп жатыр».

Сәбең баяндаған оқиғада еш жаңсақтық жоқ. Жазушы сол сәттегі жағдайды өте дәл бер­­ген. Оған дәлел өзіміздің 1992 жылы Форт-Шевченкодағы мұ­ра­жайдан көрген картинамыз. Мамыр айы-тын. Сол кез­дегі МАЭК-тің бас инженері В.Школьник: «Ақтаудағы атом электр стансасы зиянсыз. Қара­қия­дағы уран карьерінің елге еш залалы жоқ», – деп Алматыдағы БАҚ өкілдерін шақырып, бас­па­сөз турын өткізген. Жиын со­ңы Кетіктегі Тарас Шевченко тұр­ған үйшік пен ол өсірген қара­ғашты көруге ұласқан. Біз­ді сондағы мұражай залында ілулі тұрған үлкен сурет селк ет­кізген еді. Майлы бояумен са­лынған картина «Каспийдегі тюлень аулау» деп аталады. Таң бозарып атып келе жатыр. Мұз үстін селдір тұман жапқан. Күн бұ­лыңғыр. Сең үстінде қол­да­ры­на сойыл ұстаған адамдар жә­не қайда қашарын білмей жан­та­ласқан итбалықтар бейнеленген. Деталь-штрихтар мынадай. Бас сүйегі быт-шыт болып, көзі шарасынан шыққан ата тюлень… Бұзылған мұрны жағының ішіне кіріп, көзі ағып түскен ана тюлень… Өмірге келгеніне бір ай болмай жатып миы шашылған, сөйтіп: «Менің жазығым не?» – дегендей көкке қарап қимылсыз қалған бала тюлень… Мұз үсті қызыл ала қан. Сұмдық қорқынышты көрініс. Қатыгез, жабайы әрекет. Экскурсоводтан сұрап білдік, картина композициясы өмірдегі оқиғадан алыныпты. «Бұл жағдай 50-жылдардың басында осындағы Құлалы аралында болған», – деді мұражай қызметкері. Сондағы бір күн ішінде жасы бар, жасамысы бар 10 мың итбалық ажал құшыпты.

…Құжаттарға қарап отырсақ, мем­­лекет тарапынан берілетін жос­парлы түрдегі тюлень
аулау тапсырмасы 60-80-жылдар аралығында бәсеңдей бас­тапты. Бұған сол кездегі РСФСР, Әзербайжан және Қазақстан ға­лымдарының дабылы, итба­лық­­тан алынатын май мен те­ріге балама шикізаттардың табылуы әсер еткен тәрізді. Ал 90-жылдары… Одақтың ыды­рауы, соған байланысты түр­лі ме­кемелер арасындағы бай­ла­ныс­тардың үзілуі тюлень аулау кә­с­іпшілігінің қажетсіз екенін көр­сетті. Содан бастап мұнымен шұ­ғылданатын кәсіпшіліктер тарап, олардың шхуна, баржа, қайықтары Форт-Шевченко айла­ғында еш әрекетсіз тұрды да қойды. Шіріп, тот басқан соң металл қалдығына өткізілді. Сөйтіп, тю­лень аулау тоқтатылды. Бірақ мұз үстіндегі осы «аңшылық» бір ғасырдан астам уақыт­тың ішінде бейкүнә, момын те­ңіз аңына қанша қиянат келтірді десеңізші. Оған жоғарыдағы ащы мысалдар куә.

* * *

Жоғарыда біз итбалықтардың өсіп-өнуіне зиянын тигізіп жатқан теңіздің ластануы деген пікір айтқан едік. Енді соған келер болсақ, мәселе былай. Каспий суы ауыр металдардан құралатын улы химикаттардың әсерінен, сондай-ақ, су құрамына жат элементтер түрлерінен бүлінуде. Ал ол қайдан келеді? Бұ­ған антропогенді және табиғи деп аталатын екі фактор әсер ететінін айтады 2013 жылы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты шығарған «Каспий аймағы: көкейкесті проб­лемалар» атты жинақта. Мұның біріншісіне адамның тіршілікке қажет өндірістік-шаруашылық әрекеттері, мысалы, сөз еткен өңірден мұнай-газ өнімі сияқты минералдық байлықтарды алу кезіндегі теңіз суының бүлінуі жатады. Табиғи фактор деп аталатын екінші себепті біз теңіз деңгейінің шектен тыс көтеріліп келе жатқанынан іздестіреміз. Осының салдарынан Каспийдің Атырау мен Маңғыстау өңір­ле­рін­дегі жағалауға жақын жерлері су астында қалуда. Ал бұл деген кешегі мұнай өндірген ұңғыма-скважиналар, ондағы кенттердің шайынды сулар жинақталған тос­па-катакомбалары мен уранның ашық қалған карьерлері және ауыл төңірегі мен мал фермалары жанындағы төбе-төбе боп үйілген қоқыстар деген сөз. Осылардың бәрі теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалып, айдынды ластауда. Мұның салдары итбалықтардың иммунитетін әлсіретіп, олардың арасында жұқпалы аурулар таратуда. Оның дәлелі 1999 жылдан бері ұрғашы тюленьдердің бедеулікке ұшырауы және оқтын-оқтын қырылып қалуы.

Сөзіміз құрғақ, жалаң болмас үшін біз мынадай баяндау тәсіліне көшуді жөн көріп отырмыз. Ол – Каспий суы ластануының «күнәкары» – антропогенді және табиғи факторлар тізбесінің бәріне емес, басты-бас­ты екеуіне бір-бірден мысал келтіру. Сонда әңгіме нақты болмақ. Олай болса, бірінші, теңізден алынатын мұнайдың сол өндірілген жер немесе суға әсер ететін «әттеген-айынан» бастайық. Бұл туралы осыдан біраз уақыт бұрын ғалым Жанұзақ Әкім тюленьдердің Маңғыстау жа­ға­лауларындағы кезекті қыры­луы­на байланысты Қазақстан баспасөз клу­бы өткізген дөңгелек үстел басын­дағы пікіралысуда былай деген-тін.

«Теңіздер мен аралдардағы мұнай өндіру кезінде апатты жағдайлар болып тұрады. Мәселен, «Энрон» компания­сы Аляскада 50 мың тонна мұнайды төгіп алды. Мексика шығанағында да сондай оқиға болды. «Бритиш петролеум» Антарктикада жағалауында он­да­ған мың тонна қара алтынын мұ­хитқа кетіріп қойды. «Озық тех­нология» деп қанша мақтасақ та техниканың аты – техника. Ең таза дегеннің өзінде мұ­найдың 0,1 пайызы сыртқа төгіліп отырады екен. Егер біз, мысалы, жылына Каспийден 100 миллион тонна өнім өндірсек, ешқандай апат болмаған күннің өзінде соның 10 мың тоннасы теңіз суына тех­но­логиялық қалдық боп жайылады деген сөз. Енді: «Ал сол, яғни, шартты түрдегі жоғарыда аталған 10 мың тоннаның эко­логияға қандай зияны болуы мүмкін?» – деген сұраққа келейік. Бір ғана мысал, ашық мұ­хитқа шығып жатқан Мексика шы­­ғанағында ондаған мың тонна мұнай төгілгенде, соның зардаптарын жоюға 10 жыл уақыт кеткен. Ал, Каспий тұйық теңіз екені белгілі. Екінші, Қазақстанның акваториясы мұнда өте таяз. Тереңдігі 2-15 метр аралығында. Басқасын былай қойып, жоғарыдағы екі жағ­дайд­ы еске алғанда, теңіздегі тір­шілік иелерінің қазіргі ахуалына осылардың өзі өте ауыр тиіп жатыр-ау деген ойға келесің».

Енді Каспийдің ластануына табиғи фактор тудыратын көңілсіз көріністерден бір мысал келтірейік. Ол – теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты қайраңда қалып қойған мұнай ұңғыма-скважиналары. Жасыратыны жоқ бұлар әбден пайдаланылып болған дегеннің өзінде оның әрқайсысында қалдық қара май және жинақталып қалған газ бар. Бұл – қатер. Қауіп. Неге десеңіз, мұндай ұңғыма-скважиналар баяу жарылатын миналар сияқты. Бір күні құбырлардың асығыс бекітілген тұсы тесіліп, мұнай мен газдың бұрқағы атқылауы мүмкін. Ал ол деген теңіздегі тіршілік иелерінің қырылуы, өз күнін өзі көріп жүрген балықтар мен тюленьдердің өмір сүруін тоқтатуы. Мұны біз емес, осы істің маманы, бұрыңғы мәжіліс депутаты Еркін Шпанов айтып отыр. 2014 жылдың 23 сәуіріндегі тиісті ведомстволарға жолдаған хатында ол төмендегі жайларды ашына баян­дайды.

«…Оларды (мұнай телім­д­ерін – авт.) құрлықта бұр­ғы­лады. Алайда, теңіз деңгейі кө­те­рілген 90-жылдары ұңғыма-скважиналардың бір бөлігі су астында қалды. 2004 жы­лы бұлардың қауіпті деген­де­рін жою бағдарламасына мемлекет 3 миллиард теңге бөлді. Бес жыл ішінде 47 ұңғыма жой­ы­-
лып үлгерілді. 2009 жыл­дан бас­тап жұмыстарды қар­жыландыру тоқтатылды. Қа­зіргі кезде қанша ұңғыма-сква­жинаның бар екенін ешкім біл­мей­ді, өйткені, ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. Әртүрлі дерек көздері Атырау облысының аумағында, теңіздің солтүстік бөлігінде цифрлар 1400-ден 2000-ға дейін өзгеріп тұратынын айтады. Қараусыз қалған ұңғымалардың мәселесі тек аталған облыста өткір болып тұрған жоқ. Бұл көршілес Маңғыстау өңірінде де мәз емес. Онда 229 ескі ұңғыма су астында қалған. Бұл мұнайлы аймақтың ортақ қасіреті.

Мамандар 10 жылда ме­тал­дың тот басатынын айтады. Сон­­дай жағдайда бір кез­дері асы­­ғыс жауып кеткен ұң­ғы­ма­лардың құбырлары ерте ме, кеш пе тесілуі мүмкін. Әсіресе, тұз­дылығы жоғары су ортасында тұр­ғандары өте қауіпті. Сондай ұң­ғымалардан мұнайдың ағуы Оңтүстік – Батыс, Тәжіғали және Прибрежный кен орындарында болды. Оларды консервация жасау орасан күш-жігерді қажет етеді».

Міне, сол кездегі Мәжіліс де­­путаты Еркін Шпанов шы­рыл­­­дағандай, Каспий суы лас­та­­нуының көкесі қайда жатыр? Бұған анықтама беру ар­тық қой деп ойлаймыз. Бізді тол­ғанд­ы­ра­тыны: «Осыдан 2,5 жыл бұ­рын көтерілген сол мәселе алға жылжыды ма?» – деген сауал. Қаражат бөлініп, жұмыс қолға алынып жатса, оны қазіргі топан-сел ақпараттардың ішінен неге көрмейміз, қалай естімейміз? Мүмкін Үкімет бұл бағыттағы іс-шараны онша дабыра қылмай атқарып та жатқан шығар. Бірақ, бізге белгілісі, осы уақытқа дейін «баяу жарылатын үнсіз мина» – 2000 ұңғыма-скважинаның бәрін тастай ғып толық бекітіп үлгермегеніміз анық. Себебі, оның алдындағы, яғни, 2004-2009 жылдары бар болғаны 47 ұңғыма әрең жабылып, қауіп­сіздендірілді ғой. Ал мына 2000 мың скважина…

…Жә, мақаламыздың басында біз Каспийдегі итбалықтардың мүшкіл жағдайына әсер ететін келеңсіздіктердің қатарына тюленьдер талғажу ететін қоректік заттардың азайып кетуін де қосқан едік. Енді сол жөніндегі ойымызды шиырып айтайық та әңгімемізді аяқтайық. Ол былай. Егер бұрын мұндағы итбалықтар негізінен осы судағы килькалардың алуан түрлерімен қоректеніп келсе, қазір көбіне-көп бұзаубас балықтарды талғажу ететін болды. Ал Каспий килькалары 2002 жылы теңіз түбіндегі сейсмикалық өзгеріске байланысты кездейсоқ шығып кеткен газдан қатты зардап шекті. Сөйтіп, олардың мөлшері бірден 40 пайызға кеміп кетті. Сол себепті, бүгінгі таңда итбалықтардың өздеріне қажетті мөлшердегі калорияны ұстап тұруы үшін бұрынғыға қарағанда, екі есе көп күш жұмсауына тура келіп отыр. Бұдан кейін олар азбағанда қайтсін!

Міне, осындай антропогенді және табиғи факторлардың салдарынан Каспий теңізіндегі тюленьдер соңғы 16 жылда 5 рет қырылды. Бұлардың ішіндегі 2000 жылғы көрсеткіш адам шошырлық. Сондағы мамыр-маусым айларында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түрікменстан жағалауларынан итбалықтардың 30 мыңнан астам өлі денесі табылды. Оның 10 мыңы Қазақстанға қатысты су айдынынан шыққан. Статистика содан кейін теңіздің біз жақтағы бөлігінен 2001 жылы 6 200-дей, ал 2006 жылы 1000-ға жуық тюленьнің өлгенін айтады. 2012 жылғы цифрда нақтылық жоқ. Оны мамандар дөп басып айта алмай отыр. Бұл жерде біз теңіздегі зардап шеккен басқа тіршілік иелерін ауызға алғымыз келмейді. Әңгіме тек тюленьдер туралы болып отыр. Осының бәрі демесек те дені Каспий суы ластануының қалыпты деңгейден бір жерде 1,5, екінші жерлерде  4,8 есе артып кеткендігінен туған келеңсіздік екені анық.

Каспий тюлені… Ол экономикалық жағынан соншалықты пайдалы демесек те, түр ретінде бағалы аң ғой. Орталық Азияда жоқ, Қазақстанның батысында ғана бар, өзіндік ерекшелікке ие тіршілік иесі. Ол сонысымен құнды. Бүгінде осы бейкүнә, момын жануар қамқорлыққа зәру. Ақын Қадыр аға Мырза-Әлінің «Қызыл кітап» атты поэмасы естеріңізде ме? Онда автор: «Мына қыры қазақтың, ана қыры. Қызыл қырман бүгінде, қала бірі. Қайда кетті, кім маған айтады енді. Атыраудың құланы – онагры?! Жер айтады осылай, күн айтады. Күн айтады, көңілді мұңайтады. Ақтөбеде бір кезде піл болғанын, Кім біледі бүгінде кім айтады?! Айла көп-ті адамда, айла көп-ті. Айласына талайды айғақ етті. Қылыш тісті жолбарыс – жерлес біздің, Айтыңдаршы, ағайын, қайда кетті, – деп келіп, – Қара жерді жылатып, еңіретіп, Кетті солай дронттың өмірі өтіп. Екі ғасыр бұрын біз ең ақырғы, Сусиырды өлтірдік мөңіретіп», – демей ме?! Сол айтқандай, Каспий итбалығын да еңіретіп жылатып, жоқ қылып алып, өкініп жүрмейік.

Жанболат Аупбаев, «Егемен Қазақстан»

Атырау облысы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*